Ақылбек Шаяхмет. Бас  сүйектер

/uploads/thumbnail/20170708161421113_small.jpg

«Қазақ елі -550 жыл» шығармашылық бәйгесіне

(поэма-диалог)

 Антрополог: Бұл қазақтың бағы ма, әлде соры ма, Кім түспеген қатал ажал торына?! Қара қыпшақ Қобыланды батырдың Бас сүйегін ұстап тұрмын қолыма. Ақын: Аңқау қазақ, соншама аңғал бола ма? Өлгенді де тыныш қоймай молада, Бабамыздың бас сүйегі Мәскеуде, Қырық жылдай тұрған екен қалада.   Үндемейді, тіл қатпайды тілсіз бас, Қайран тілі болмаған соң үнсіз бас. Есіл басты денесінен айырып Алған ғалым ешкімнен де қымсынбас. Қобыландының бас сүйегі: Түсіме Бурыл  тұлпар кірді менің, Жан-жарым беліме алмас ілді менің. Білмеймін, сезді  нені, білді нені, Өрекпіп соқты  тулап бұл жүрегім.   Батырға ұқсамай ма сұрым қазір, Ұрпағым Қытай менен Қырымда жүр. Бас сүйек сырты бүтін көрінгенмен, Ішінде құрт-құмырсқа қыбырлап жүр. Ақын:  Осы күні нарықтың нарқы басым, Жетемін деп ентігіп, алқынасың. Қарыны мен өңешін ойлайтындар Қор қылмай ма қазақтың алтын басын.   Жүрегіне жүрсе адам тас байланып, Жақсылыққа кісіні бастай ма анық? Таң атқан соң қайтадан қас байланып, Онда бастың жүргені босқа айналып.   Қанша кеңге созса да бай құлашын, Ниетіне пейілін сай қыласың. Ұсынса да қонаққа қойдың басын, Айналмамен ауырған қой болмасын.   Көрген күні бақыт па, қасірет пе, Не айтарын білмеймін ақиретте. Адам басы тұрады мүсіндерде, Адам басы тұрады портретте.   Бірақ, олар ешкімге сөйлемейді, Алла емес пе жаратқан тіл-көмейді. Не болғанын айтпайды,ақталмайды, Тіл қатпайды, ешқашан үндемейді. Махамбеттің бас сүйегі: Қарағайға қарсы біткен бұтақтай, Күн көзінде қусырылған тулақтай, Бояулары оңып кеткен сырмақтай, Күлген жандай көздің жасын құрғатпай, Шамырқанып, шар болаттай шамданып, Қайран, басым! Неге тұрсың тіл қатпай? Ақын: Маха! Мен де қайратты едім, отты едім, Шарпып кетер төңіректі от-демім. Бірақ, сендей қилы сапар шекпедім, Ерулі атпен өткелдерден өтпедім, Шынымды айтсам, бұғып қалған кезім көп, Көргенімнен көрмегенім көп менің!   Өзіңе ұқсап қойдың етін жегенмен, Шабақты да ас еткенмен тереңнен, Салт аттыдай өткел іздеп өзеннен, Төрден емес, орын алып төменнен, Қында жатып суырылмаған қылыштай, Саған анық ұқсай алмай келем мен.   Отқа түсіп жүргендер бар Отан деп, Опасыз жүр Отанды да сатам деп. Тіршіліктің соқпақтары сан тарау, Отанды ессіз сүйгеннен соң қатем көп. Пір тұтатын пайғамбарым – Мұхамбет, Пір тұтатын нағыз дарын – Махамбет! Махамбет: Қанатымнан ойда жоқта қайырылып, Жалғыз қалдым Исатайдан айырылып. Төрт құбыланы кім жаратқан сайлы қып, Қайрат кеміп, қалды жүрек шайлығып. Сеніміме, бірақ, селкеу түскен жоқ, Жас шыбықтай жапырағын жайды үміт. Ақын: Бірақ, тәннен айырылсаң да, басың бар, Аттан салсаң. Бірге аттанар досың бар. Диірменнің ұнындай қып үксе де, Жігерліні жасыта алмас жасындар. Атпай қалмас оқталған соң ақ мылтық, Шаппай қалмас тат баспайтын асылдар. Махамбет: Бірақ, менде жетпей кеткен арман көп, Айта жүрер артымдағы қалған көп. Жалғыз ағаш өсер жасыл орман боп, Жалғыз кірпіш шығар мықты қорған боп, Өкпесі бар, асқазаны бар елдің Бассыз қалған күндері аз болған жоқ.   Бас кеткен соң, тіл бола ма сарнаған, Көз оңа ма төңіректі барлаған. Бас кеткен соң құлақ та жоқ тыңдайтын, Ел-жұртының айтар сөзін арнаған?! Бассыз қалған үйдің итін көрдің бе, Таланған соң келген кісі қарғаған?! Ақын: Қол-аяғын қалдырғанға бүтін қып, Әлдекімдер жүр деседі шүкір қып. Бай мен бектің білінбейді кемдігі, Ақындарға жарасады бүтіндік. Құйрық-бауыр, жүрек – бәрі орныңда, Олай болса, жасамайық күпірлік. Маха! Сенің басың аман, тіл аман, Тәнің жатыр топырақта құлаған. Басқа пәле  тілден дейді. Сол сөзді Батып, бірақ, айта алады кім оған?! Жаның көкте қызғыш құстай ұшып жүр Елдің қамын ойлап өксіп, жылаған... Антрополог: Қарап тұрсам, адамдардың қаңқасы Уақыттың бұтарлаған жаңқасы. Егер пенде өмір сүрсе қалыпты, Соның көбі бас сүйектің арқасы. Кене ханның бас сүйегі: Көрдім бақтың бастан қалай ұшқанын, Көрдім жаудың бізді қалай қысқанын. Менің басым биік тұрды бәрінен. Найзасымен шаншыса да дұшпаным.   Қалқам, саған артылған соң бұл міндет, Еңсе тікте! Бос мүжілме құлмын деп. Шыңғыс төре амандасты бір күні, «Мен атамның басына кеп тұрмын!» – деп.   Кісілер көп жүрегі мен жаны нұр, Сақтайды олар азаматтық қалыбын. Ұлтын ойлар, ұйытқы болар ұл туар, Ұрпағымнан үміт күтем, бәрібір. Ақын: Кенесары! Тілеуқоры жұртымның, Сен едің ғой арыстаны ұлтымның. Сен кеткелі жазылған жоқ жарамыз, Кім жамайды көңілімінің жыртығын?   Ел анықтар кім сабырлы, кім қызба, Ерлік ісің үлгі болды ұл-қызға. Қазағыңның басын қосам деп жүріп, Бас орыста, денең қалды қырғызда. Кейкінің  бас сүйегі: Ал мен болсам Петерборда жатырмын, Көзмерген деп атақ алған батырмын. Ұрпақтарым отарлаған орысқа Неге айтпайды кеткендігін хақымның?   Дұшпандарым доп қып теуіп басымды, Жерімді өртеп, елімді әбден басынды. Кейкі батыр қорғағанын өз елін Халыққа айтпай, ақиқатты жасырды. Антрополог: Бас сүйектер қадаларға шаншылған, Бас сүйектер қорғандарда жаншылған. Бас сүйектер қалған ізі тарихта Адамдардың ырыздығы таусылған.   Айтылады түрлі-түрлі басқа сын, Қалқан үшін кисе солдат каскасын, Кейбір елде болады деп ескерткіш, Бас сүйектің жасайды екен маскасын.   Тірілерді лақтыратын шың-құздан Жендеттер көп елді қойдай қырғызған. Көнбегенді байлап-матап, бауыздап, Бас сүйектен пирамида тұрғызған. Ақын: Бұл жағдайға жеткізгенді кім десе ел, Бас сүйектің жағдайы жоқ тілдесер, Күлсалғыш қып кепкен басты көнектей, Бас сүйекпен шарап ішкен әумесер.   Бұл өмірдің мағынасын кеш ұғар, Бас сүйекте осы жұрттың несі бар?! Көзіне тек құм құйылса тоятын Ескендірдің бас сүйегін есіңе ал.   Кейбір бастар ерте жасап бар қамын, Кейбір бастар жаратпайды қалпағын. Берекесін кетіретін ортаның Бас болса да, миы жоқтан қорқамын. Ахметтің бас сүйегі: «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтын жан мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін!»   Жігіт сәні келе ме дос болмаса, Дос-жаранмен көңілі қош болмаса. Елім деген есіл ер қайдан шықсын, Ерім деп айта алатын бас болмаса. Ақын: Адам басы – добы дейді Алланың, Көреді адам Құдай басқа салғанын. Жерге тығып адамдардың арманын, Доп қып басты тепкен жанда бар ма құн?!   Қанша адамды залым жендет матады, Қабырғама әлі күнге батады. Үй салғанда жер астынан қаптаған Бас сүйектер әлі шығып жатады.   Басқа қарап бойын түзеп жас ұлан, Бас шұлғитын боркеміктер жасыған. Атам қазақ біліп айтқан, тегінде, Балықты да шіриді деп басынан.   Аман шығып қатал қыстан қақаған, Бас болғандар алған бата атадан. Үлкен мансап иелерін сондықтан Бас директор, бас хатшы деп атаған.   Бас ұстаған басқарудың тізгінін, Бас естіген бас қосудың ізгі үнін. Бас болатын азамат көп халықта, Басқа бәйге беріп жатсақ біз бүгін. Белгісіз бас сүйек: Мен жатырмын топырақтың астында, Кім біледі, кәрімін бе, жаспын ба?! Біле ме екен алшаң басып жүргендер Сұрауы бар екендігін тастың да.   «Бас жарылса ішінде» - деп бөріктің Жүргендердің бірталайын көріппін. Бас киімді басқа біреу киіп жүр, Тек мен ғана көрге түскен өлікпін. gulag5 Ақын: Жортып жүрген құлан жеріп қағынан, Уақыт-жүйрік ұстатпаған жалынан. Айырылса да баласынан, жарынан, Қаншама адам қатқан басқа табынған?!   Қанша бастар құтылмаған ажалдан, Кірпіштейін іргетасқа қаланған. Кейбір бастар елес болып кезіп жүр, Тәнін іздеп қан төгілген қамалдан.   Басты сонша құрметтеген бұл адам, Сескенбеген секілді ме күнәдан. Құлпытаста, мәрмәр таста қашалған Бас суретін жиі көрем моладан. Сәбидің бас сүйегі: Мен құрсақта пайда болдым екі айда, Көзімді ашпай қарсыласар жоқ айла. Миым қатпай шетінедім жасымнан, Дүниеге келгенімнен не пайда?! Ақын: Жас күнінде бас айналтып бал айы, Қартайғанда ағарса да самайы, Тау етегі және теңіз астында Бас сүйектің жатқан шығар талайы.   Ойлағаның күнде ойыңнан шықпайды, Кімдер бізге тура жолды нұсқайды? Талай басты қойнауына жасырған Жердің өзі бас сүйекке ұқсайды. Сырқаттың бас сүйегі: Туған кезде болып едім әдемі, Бірақ, көптен бастың дерті бар еді. Сау басыма тілеп алдым сақина, Соның бәрі – Ібілістің әлегі. Ақын: Мына бір бас  қарап тұрсам көз алмай, Өз денесін жұтып қойған тажалдай, Тірлігінде еш нәрсемен ісі жоқ, Ғұмыр бойы кеткен басын жаза алмай. Антрополог: Досың келсе, ол да басқа қарайды, Кеңес берер ақылшысы санайды. Бастардың да алуан түрі болады, Тек ақылды болып шықса жарайды.   Кейбір бастар орын алса табыттан, Кейбір бастар аман қайтқан жорықтан. Қаныпезер Кирдің басын Томирис Қан толтырған кенеп-қапқа тоғытқан.   Бас сүйектер жатқан жердің қойнында, Көбісі тұр өздерінің мойнында. Адамдарды жәбірлепті Дарвин да Бас сүйегі ұқсаған соң маймылға.   Бір қабірде қатар жатыр екі бас, Бұл, шамасы, ғашық болған екі жас. Қалғанымен тарихта да аты, рас, Сия алмаған заманына қатыбас. Ақын: Бастар жатыр мойынынан кесілген, Бастар жатыр маңдай тұсы  тесілген, Бастар жатыр үңірейіп көз орны, Обалдары ессіздерге есірген.   Қабырғада тұрған бұрын қасқабас Ілулі тұр бүгін, міне, басқа бас. Суретінде көрінбейді денесі, Басын ол да, дәрмен болса,тастамас. Антрополог: Көне үндістер болсын деген бас аман, Бас сүйекті хрустальдан жасаған. Бас сүйектер толып жатыр әлемде, Неше түрлі асыл тастан қашаған.   Бас сүйекті құбыжық қып тағылар, Әлсіздерді басып-жаншып әлі бар, Құрбандардың басын жиып төбеге, Бас сүйектен тау тұрғызған тағы бар. Ақын: Кейбір елде әлпетіндей тажалдың, Белгісі деп есептейтін ажалдың, Бас сүйегі білдіреді тек қана Таусылғанын фәнидегі базардың.   Бас сүйектер жылатқан Һәм күлдірген, Өсек-аяң сөздерді естіп үлгерген. Бас пайдасын ойлағандар алдында «Басынба!» - деп ызасын да білдірген.   Қауақ бастар мықты басқа бас ұрған, Басын изеп, атақ-даңқын асырған. Кеуіп-толып, көбік сөзді көпіртіп, Ақылының аз екенін жасырған. Антрополог: Бас сүйектің кездестірдім ірісін, Ақылды деп ойлап едім мұны шын. Жүзеге аспай басындағы көп қиял, Аяқтамай тастапты ол да жұмысын.   Кейбір бастың тілі бар да, миы жоқ, Кейбір бастың миы бар да, тілі жоқ. Күміспенен күптеп қойған бас та бар, Қарап тұрсаң, келбетінің міні жоқ.   Қолға таяқ ұстатқандай соқырға, Болған бастар бордай тозып жатыр ма?! «Жағым түспей жамандықты көрсетпе!» - Деген бас та түседі екен ақырға. Бас сүйектер дауысы: Біздер кеше қырылғанбыз аштықтан! Біздер кеше қырылғанбыз қастықтан. Қанды қырғын ғасырларға ұласқан, Жылағанда соқыр көзден жас шыққан.   Сол кезде де бастан көрдік қорлықты, Сол кезде де бастан көрдік зорлықты. Тыңдай ма деп ел билеген зор мықты, Сөйлей-сөйлей дауысымыз қарлықты. Антрополог: Дала мынау жатқан байтақ, далиып, Ауыр басты көтереді кәрі иық. Мына бастың ми қойнауын қарасаң, Қалған екен қарақошқыл қан ұйып.   Ойда жоқта қатты соққы тигесін, Мына бастың тесіп өткен шүйдесін. Абайлап жүр, аяғыңды аңдап бас, Дұшпан болып шықпасын де кей досың.   Мына бастың қарақұсы жалпиған, Мына бастың ауызы үлкен, аңқиған. Бас мойыннан ажырауы оп-оңай, Қаншама зор болғанымен нар-тұлғаң.   Кейбір бастар көрмей тамған көз жасын, Төгіп-шашып, ішіп-құсып, азғасын, Басы айналып мансап пенен байлықтан, Ақырында жұтып тынған өз басын. Ақын: Арыстандар алжып, шулап бөрілер, Қалың елдің қабырғасы сөгілер. Жылтыраған мысты алтын деп перілер, Мына заман түнек болып көрінер, Басың қайда, Тәнің қайда, Жан қайда??? Ашылып көр, Тіріліңдер, өлілер!!! Антрополог: Бастар болған ақ сәлдеге оранған, Бастар болған бастан миы тоналған, Кейбір бастың жалғыз ғана тілегі Алтын тәжге қол жеткізсе – сол арман. Бастар болған денесінде тұрғанмен, Қасиеті көпе-көрінеу жоғалған.   Бірі пақыр, бірі батыр, қолбасы, Бас сүйектер – өткен күннің жалғасы, Тіршіліктің құрғаса да арнасы, Көрге келіп таусылса да жол басы, Бас сүйекте бастан кешкен барлығы, Тарихымның салулы тұр таңбасы.   Ардагердің бас сүйегі: Жаз ыстығы – маусым менен шілдеде Бөленгенде үлде менен бүлдеге, Ер-тұрманды атым тұрды кермеде, Қолда күшім, бойда қуат барында Тұнжырадым мен неге?!   Ойладым ба ата-баба арманын, Жас ұрпаққа қандай мұра қалғанын? Көреміз ғой тағдыр басқа салғанын, Шүкір, шүкір! Заман тыныш, ел аман, Кім біледі әр жағын...   Қатал қыста – қаңтар менен ақпанда, Кездейсоқта түскен кезде қақпанға, Аңшыларым мәз-мәйрам боп жатқанда, Қасқыр-сынды қыршып тастап аяқты, Аман қалдым оқтан да.   Еккені бар, шыққаны жоқ ел көргем, Иттері бар, сырттаны жоқ ел көргем. Адамы жоқ, қамалы көп бел көргем, Суы кеуіп, тұзы қалған түбінде, Аралдайын тебіренгем.   Ақын: Қаласынан моласы көп далада, Бітеу жара – обасы көп далада, Қуаныштан  наласы көп далада, Қызық қуып, қымыз ішіп, қыз сүйіп, Масайрауға бола ма?!   Тұнық сулар жасы емес пе ананың, Қызғалдақтар қаны емес пе бабаның?! Неге, неге бөгеледі қаламым, Қиқу салып шауып келе жатқандай, Перзенттері даланың.   Қанша жерді, қаншама елді шарладым, Ұзын арқан, кең тұсауды барладым. Бірінде де, бірақ, тоқтап қалмадым, Туған жердей табанымды жылытар Тұрақ таба алмадым.   Шын мәнінде қарапайым пендеге, Үлкен тілін кіші алмайтын елде де, Қанаттылар ұша алмайтын жерде де, Қиын емес қыран емес, қарғаны Қоя салу көрмеге.   Өгейсінбей өнерін де өзге елдің, Бәлкім, осы күніме де тез келдім, Көбісінен жирендім де, өзгердім. Дәріптеуге өз халқымның дәстүрін, Сонда барып сөз бердім.   Қазақпын деп жауға шапса батырлар, Азатпын деп жыр толғаса ақындар, Жүрегімде жалындаған отым бар, Алыппын деп қырда туып, қырда өскен, Мақтануға хақым бар. Бас сүйектер дауысы: 550 жыл өтті. Мына біздер жер қойнында жатқалы, 550 жыл өтті. Кештер батып, таң тамылжып атқалы. Ұрпағыма қонса болды бақ құсы, Болса болды келер ұрпақ мақтаным. Ақын: Тәж бе, тақ па сорлы басқа керегі, Таққа құйрық жақынырақ дер едім. Кейбір бастар иіледі амалсыз, Олар тағдыр тәлкегіне көнеді. Келген кісі көресісін көреді, Тәж киген де, кимеген де өледі.   Майн Рид жазған «Бассыз салт атты» Өткен күннің қойнауынан тіл қатты. Көргендер бар бассыз жүрген денені, Көргендер бар  бассыз қалған солдатты. Тастай суық қараңғы көр ішінен Көрғұлы да киіп шыққан көрқапты.   Арқау болған мазмұнына өлеңнің Бастың өзі мақсаты ғой көп елдің. Тірілткісі келген екен Беляев Өлген басын профессор Доуельдің. Өлген басты тірілтпесе бір Алла, Жазушының айтқанына сенер кім?!   Батыр басы, Ақын басы, Хан басы Болып кетті көрінгеннің олжасы. Сол бастардың көрген кім бар көз жасын?! Көрдім десе, Сене алмаймын өз басым! Бастары жоқ тәндер! Тұрып орыннан, Ата-баба  рухын бір қорғашы!   Күн сәулесін жер бетіне таратқан, Күллі әлемді ауызына қаратқан, Ет-сүйектен жаратылған денені Сіріңкедей алып шыққан қораптан, Бас сүйекті және барлық мүшені Құдіретті жалғыз Алла жаратқан.   Пендесіне үлкен тағылым бар мұнда, Өткен күннен өзің сабақ алдың ба? Болсын десең бас сүйектер орнында, Толсын десең көзі қордың, зордың да, Кешірілсе фәнидегі бар күнә, Барлығы да, Алла, сенің қолыңда! Бас сүйектер дауысы: Бірінші дауыс: Кешір, Алла! Қызмет қылдым қарынға. Екінші дауыс: Құрбан болдым азаттықтың жолында. Үшінші дауыс: Адалды ақта. Жазықтыны жазала! Дауыстар: Барлығы да,Алла, сенің қолыңда! Барлығы да,Алла, сенің қолыңда!

Қатысты Мақалалар